Бізге техниканың тілін жақсы түсінетін жастар қажет. Сондықтан, мемлекет сапалы техникалық мамандар даярлауға түбегейлі кірісетін болады, бұл істен ірі кәсіпорындар да тысқары қалмауы қажет. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен кеңесі барысында осылай деді.
Президенттің айтуынша, бұл ретте «Болашақ» бағдарламасының бағдарын осы техникалық бағытқа аудару қажет. Және Қазақстанда озық техникалық оқу орындарының бөлімшесін ашуды тездетіп қолға алу керек. Президент ірі кәсіпорындардың «елде техникалық маман жоқ» деп қу шөппен аузын сүртіп отыра бермей, бұл іске белсене араласуға шақырды.