Жамбыл облысында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2026 жылдың алғашқы алты айында Жамбыл облысы бойынша Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейтіп, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды жұмыстарды жүзеге асырды. Бұл туралы департаменттің жартыжылдық қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Есепті кезеңде департаментке 310 азаматтың өтініші келіп түсіп, олардың барлығы заң талаптарына сәйкес қаралды. Сонымен қатар, 1725 кіріс және 969 шығыс құжат рәсімделіп, азаматтарды жеке қабылдау тұрақты негізде ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлерге арналған құқықтық семинарлар өткізіліп, жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты талдау жүргізілді.