Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қоғамдық тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған күнделікті профилактикалық рейдтер өтіп жатыр. Кезекті іс-шара елорданың Нұра ауданындағы Орталық саябақ аумағында өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Рейдке аудан әкімдігінің қызметкерлері, Нұра аудандық полиция басқармасының өкілдері және еріктілер қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау және қала тұрғындары мен қонақтарының экологиялық жауапкершілігін арттыру.
Рейд барысында саябаққа келушілерге ескерту мазмұнындағы ақпараттық парақшалар таратылды. Сонымен қатар мамандар қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы жәшіктерге тастау және табиғатқа жанашырлықпен қарау қажеттігін түсіндірді.