Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берді. Аталған жобалар еліміздің көлік-логистика әлеуетін арттыруға, өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейтуге және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.
Құрылыс жұмыстарының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйлеген Президент көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екенін атап өтіп, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.