Алматыда шахматтан екі бірдей ірі халықаралық жарыс жалауын көтерді: FIDE World University Team Chess Championship финалы және Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасындағы матч. Оңтүстік астанада 4–9 тамыз аралығында әлемнің 16 университетінің, соның ішінде Оксфорд, Кембридж және Гарвард командалары өнер көрсетеді. Қазақстан намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Almaty Management University қорғайды, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
«Бүгін Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарының атынан келген ең үздік жас шахматшылар тоғысатын орталыққа айналып отыр. Бұл чемпионат тек медаль үшін жарыс емес, сонымен бірге пікір алысу, білім алмасу, университеттер арасындағы байланысты нығайту және мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді серіктестік қалыптастыру алаңына айналды», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.