Жеребе тарту қорытындысы

5 тамыз күні өтетін сайлауалды телевизиялық дебаттар алдында Жетінші арнада қатысушылардың сөз сөйлеу ретін анықтау рәсімі ұйымдастырылды. Ашық форматта өткен жеребе тартуға Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері қатысты.

Жеребе тікелей эфир барысында өткізілді. Әр партия өкілі арнайы ыдыстан реттік нөмірі бар карточканы өз қолымен таңдап, нәтижелер бірден электрондық жүйе арқылы экранда көрсетілді. Мұндай формат рәсімнің ашық әрі барлық қатысушылар үшін тең жағдайда өткенін қамтамасыз етті.

Жеребе қорытындысы бойынша теледебаттағы сөз сөйлеу кезегі төмендегідей анықталды:

Respublica партиясы – Мейрамгүл Мәдәлі;

«Ақ жол» партиясы – Дулат Тастекей;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – Максұт Насибулов;

«Әділет» партиясы – Рауан Кенжеханұлы;

«Байтақ» партиясы – Аслан Байзаханов;

«Ауыл» партиясы – Шахмардан Байманов;

Қазақстанның Халық партиясы – Бейбіт Құсайынов.

Теледебат 5 тамыз күні сағат 20:26-да Жетінші арнаның тікелей эфирінде көрсетіледі. Биылғы пікірсайыстың негізгі тақырыбы – еліміздегі білім беру жүйесін жетілдіру және оны дамытуға бағытталған ұсыныстар.

Бағдарлама бірнеше бөлімнен тұрады. Қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, білім саласына қатысты бастамаларын ортаға салады. Сонымен қатар студия көрермендерінің сауалдарына жауап беріп, эфир соңында сайлаушыларға қорытынды үндеу жасайды.

Жоба интерактивті форматта өтеді. Көрермендер эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беруге қатыса алады. Дауыс беру нәтижелері дебат кезінде және бағдарлама аяқталған соң жарияланады. Бұдан бөлек, көрермендердің әлеуметтік желідегі пікірлерінің бір бөлігі тікелей эфир барысында экраннан көрсетіледі.

Теледебатты Жетінші арнаның эфирінен, ресми сайтынан және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көруге болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.