Алматыда электр энергиясы өшті. Әлеуметтік желіде басқа да оңтүстік өңірлердің тұрғындары жарықсыз қалғанын айтып шағымдануда.
Жарық тек Алматыда ғана емес, Талдықорған (Алматы облысы) қаласында да сөнген. Куәгерлердің айтуынша, Алматыда Байтұрсынов көшесінен жоғары орналасқан аудан жарықсыз қалды.
Алматы әкімдігі электр энергиясы KEGOC желісі бойынша өшкенін мәлімдеді. Алдын ала мәліметке сүйенсек, желілерде кернеу төмендеп кеткен. АЖК қосалқы станцияларында автоматты жиілікті түсіру жүйесі іске қосылған. Жарықты қайта қосу жұмыстары басталды.
Шымкент пен Тараздың кейбір аудандарында да электр энергиясы өшкен. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазып жатыр.
Блэкаут туралы хабарламалар Ташкенттен де түсуде. Қалада метро жұмысы тоқтаған. Қырғызстан астанасы Бішкекте сорғы станцияларында жарық сөнді.
Қырғыз елінің энергетика министрлігі Қырғызстанда электр энергиясы 30 минут ішінде қосылатынына сендірген.
«Жарық бүкіл Орталық Азияда өшіп қалды. Қырғызстан энергия сақинасынан шығып, электр энергиясымен қамтамасыз етуді 30 минут ішінде қалпына келтіреді«, — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.