Бүгін «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев ауданда болып, елді мекендердегі қоғамдық-саяси ахуал бойынша тұрғындармен кездесті. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасымен құрылған ақпараттық топ мүшелері Қосбөлтек және Нұрлыкент ауылдары тұрғындарымее кездесіп, көпшіліктің пікірін тыңдады.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, сөз кезегін Дауыл Ынтықбайұлына берді.
-Жаңа жылға аяқ басқан тұста еліміздің әр қалаларында бейбіт митингілер басталып, халық өз талап-тілектерін билікке жеткізді. Бейбіт шерудің арты арандатушылыққа ұласып, содырлар мен лаңкестердің кесірінен қаншама жерлестерімізден айырылып қалдық. Бұл оқиға қазақ тарихында «Қаңтар қасіреті» деген атпен қалды. Әрине, қапыда жақынынан айырылып, бейбіт күнде қаншама азаматтан айырылу – баршамыздың жанымызға батқаны рас. Қираған ғимараттар қайта орнына келер, бірақ адамды қайтара алмаймыз. Мұндай күндер енді қайтып келмесін деп тілейміз.
Сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев уақтылы, нақты шешімдер шығарып, елімен бірге екенін танытты. Сол уақыттан бері елімізде біршама өзгерістер орын алуда. Президент Үкіметті таратып, жаңа құрам қалыптастырды. Енді алдағы уақытта жаңа Үкімет халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында нақты іс-қимылдар жасап, өз ұсыныстарын білдіретін болады. Сонымен қатар, жақында партияның кезекті съезін өткізу жоспарлануда. Съезд делегаттары да анықталды. Қазіргі эпидемологиялық ахуалға байланысты съезге онлайн форматта қатысамыз деп күтілуде. Бұл съезден біз көп тарихи өзгерістер мен жаңалықтар күтеміз. Президент бастамасына қолдау білдіріп, жаңа Қазақстанды бірге қалыптастырайық, — деген Дауыл Ынтықбайұлы әрі қарай жастар мәселесі туралы сөз қозғады.
Ал, жиында сөз алған Қасымхан Естемесұлы ел басына күн туған шақта Президент батыл шешімдер қабылдап, «Жаңа Қазақстанды қалыптастыру» жолында еңбек етіп жатқаны туралы айтты. «Жуалы ауданы бірлігі бекем, халқы еңбекқор, батырлар мен генералдардың мекені. Елімізде жаппай тәртіпсіздік орын алып, содырлардың кесірінен бүлік шыққан уақытта сол ынтымағы мен татулығын сақтап, ауданда ахуалдың бірқалыпты болғаны бәрімізді қуантты. Ел Тәуелсіздігін ата-бабаларымыз қаншама жылдар бойы аңсап өтті. Біз ата-бабамыз аңсаған арманға жетіп, егеменді елде өмір сүрудеміз. Шекарамыз шегенделіп, экономикамыз дамып, әлемге танылдық. Осындай жетістікке жеткен елімізде қордаланған мәселелер дәл осылай шыққан баршамыздың жанымызға батты. Осы жағдайдан сабақ алып, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына баса мән беруіміз бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр» дей келе ұрпақ тәрбиесі туралы кеңінен сөз өрбітті.
Одан кейін тұрғындардың талап-тілектері мен мәселелеріне құлақ түріп, ұсыныстарын тыңдады. Ауыл жұртшылығы ең бірінші кезекте шаруалар үшін жанар-жағармайдың қымбаттығы, дайын өнімдерін өткізе алмауы, субсидияның қолжетімсіздігі, жастар тәрбиесі туралы айтып өтті. Яғни, тұрғындар ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ондағы шаруаларға қолдау, нақты көмек болуы керектігін айтады. Ауыл жастарының жұмыссыздығы да басты мәселенің бірі екенін жеткізді. Дегенмен, көкбастаулық қариялар ұрпақ тәрбиесіне аса мән беретінін тілге тиек етті.
Басқосуға аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағалары, зиялы қауым ұрпақ тәрбиесі мен елімізде болып жатқан өзгерістер туралы айтты.
Нұрлыкенттік қария Қалдан Назар сөз алып, бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігі, тұрғындардың ұйымшылдығы туралы айтып өтті. Сонымен қатар, ардагер ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия реттелсе, ашық конкурстар өткізетін тендерлерге өзгерістер енгізілсе немесе басқа реформа жасалса, ол жіті бақыланса деген тілегіне жеткізді. Сөз соңында ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағы екенін тілге тиек етіп, алдыңғы буын толқын ағалары өскелең ұрпаққа тәрбие беру жолында, олардың бақытты өмір сүруі үшін күш салатынын жеткізді.