Бұрын сотталған өскемендік азамат екі мың теңге үшін оқушы қызға шабуыл жасаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі yk-news.kz порталына сілтеме жасап.
Оқиға 2021 жылы мамыр айында орын алған. Сол күні жасөсіпірім қыздар кешке дейін далада әңгімелесіп отырып қалады. Күн батқан соң олар үйлеріне қайтуды ұйғарыпты. Жарық емес көшемен қайтып келе жатқан қыздардың бірі артынан ер азамат жүріп келе жатқанын байқаған. Шолақ шалбар, майка және басына кепка киген ол қыздың артынан тап беріп, жабысқақ таспамен (изолента – ред.) қылқындармақ болған. Алайда қыз қолымен таспаны үзіп үлгерген.
Ер азамат қызды соққының астына алған. Абырой болғанда, жәбірленушіні сол маңда өтіп бара жатқан жігіттер құтқарып қалған. Алайда қаскөй қыздың сөмкесін ұрлап қашып үлгеріпті. Ол сөмкенің ішінде болған 2 мың теңгені алып, қалған заттарды өзенге лақтыра салады.
Көп ұзамай қылмыскер қолға түскен. Ол Белоусовка ауылының тұрғыны болып шыққан. Ер азаматтың кінәсі саусақ іздеріне жасалған сараптама нәтижесінде дәлелденген. Сот оны бұл әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айырыпты. Бұған қоса ер азамат жәбірленушіге жарты миллион теңгеден астам моральдық өтемақы төлеуі тиіс.