Жуырда аудандық орталық емханада аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов коронавирус инфекциясына қарсы екпенің 3 компонентін салдыртты, яғни ревакцинациялаудан өтті.
– Отбасымның амандығы мен қоғамдық иммунитет қалыптастыру үшін ревакцинациялаудан өттім. Отбасымызда барлығымыз екпе қабылдадық. Ауырсыну, кері әсерін байқамадық. Барлық ата-аналарға екпе алу шараларына белсенділік танытуға шақырамын, — дейді Райымбек Сияқұлұлы.
Аудан көлемінде вакцина салдыру шаралары қарқынды жүзеге асырылуда. Тұрғындар да вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігіне көзі жеткен. Әсіресе, жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен бала күтіміндегі аналарға салынатын «Pfizer» екпесіне деген көзқарас дұрыс қалыптасып келеді. Себебі, алты құрлыққа тараған коронавирус инфекциясынан құттылудың жалғыз жолы — екпе қабылдау.
Аудандық орталық емханасының эпидемиолог дәрігері Сәкен Сандыбаевтың айтуынша, өңірге 9480 доза «Pfizer» екпесі жеткізілген.
12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге вакцинаның 1 компонентінің 4123 дозасы, екінші компонентінен 2155-і, ал жүкті әйелдерге 1 компоненттің 306, екінші компоненттен 187 доза екпе егілген. Ревакцинациялаудан 101 ана өткен.
Бала емізетін аналарда өзінің және нәрестенің келешегі үшін вакцина салдыруда.
Бүгінде аталған екпенің 857 дозасын аналар қабылдаса, екінші компонентін 448 азамат ектірген.
Сонымен қатар жасы 60 асқан 235 азамат «Pfizer» екпесін салдыртқан.
Екпе қабылдау пунктілері ауыл-аймақтарда қолжетімді.
Отбасыңыздың, қоғамның келешегі үшін екпе қабылдаңыз!
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі