Кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы артуда

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысының 2021 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебін тыңдады.

«Жамбыл-Жылу» МКК теңгерімінде бар болғаны 75 қазандық бар (оның 74-і көгілдір отынға ауыстырылған). Оларға қарасты жылу желілерінің жалпы ұзындығы 45,4 шақырымды құрайды.

Кәсіпорын 174 көпқабатты үйге (8301 абонент), 115 бюджеттік мекемеге қызмет көрсетеді.

Директоры Мүсілім Қасымовтың айтуынша, 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы өндірілген жылу энергиясының көлемі 11,7 пайызға артқан.

Мұнда барлығы 675 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің жалақысы өткен жылы 33,9 пайызға, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 10 пайызға өсті.

«Жамбыл-Жылу» кәсіпорны «АрайСтройМаркет-2003» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілгеннен кейін кредиторлық берешек толығымен өтелген.

Орталық диспетчерлік қызметті жаңғыртудың арқасында барлық қазандықтарға бейнебақылау камералары орнатылып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынды.

«Жамбыл-Жылу» МКК жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін қызметкерлерді жалақысыз демалысқа жібермеу мақсатында басқа да қызмет түрлерін көрсетеді. Кәсіпорын базасында жөндеу-механикалық шеберхана, құрылыс материалдарын өндіру цехы жұмыс істейді.

– Басты міндет – қазандықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Жылыту маусымы кедергісіз өтуі тиіс. Мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар ерекше бақылауға алынуы керек, – деді облыс әкімі.

Б. Сапарбаев бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасына аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көңіл бөліп, қолдау көрсетуді тапсырды.

Кездесу барысында кадр тапшылығына қатысты түйткілді мәселелер де қозғалды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.