Бүгін аудандық орталық емханасының мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Хамит Мурзақасымовтың қатысуымен жылдық есеп беру жиыны өтті.
Басқосуда аудандық орталық ауруханасының 2021 жылдың 12 айында атқарған жұмыстарының қорытындысы зерделеніп, 2022 жылғы медициналық кеңес мүшелерін бекіту туралы күн тәртібіндегі мәселе қаралды.
Сондай-ақ орталық аурухананың құрамы мен жабдықтары, тұрғындар туралы мәліметтер, қаржыландыру бағыты, кадр құрамы, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету шаралары, арыз-шағымдар жайы, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарды өзектендіру мәселесі, цифрландыру, медико-демографиялық станционарлық қызметтердің жұмысы, скринингтік тексерулер көрсеткіші, тууға қабілетті жастағы әйелдер бойынша өткізілген медициналық тексеру қорытындылары, екпе егу жұмыстары, денсаулық сақтау саласындағы жетістері туралы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов егжей-тегжейлі баяндама жасап, слайдты көпшілік назарына ұсынды.
Баяндамашының айтуынша, өңірде 35 медициналық орталық бар. Оның ішінде аудандық аурухана, емхана, бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, 3 фельдшерлік-акушерлік, 14 дәрігерлік аммбулаториялық, 15 медициналық пункті 86 мыңға жуық аудан тұрғынына үздіксіз қызмет көрсетеді. Медициналық техникамен жабдықтау деңгейі 2021 жылдың 12 айында 87,85 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Халықтың тұрғылықты тіркеу порталында (ХТТ) 70493 (2020 жылы 73421, 2022 жылы 69858) тұрғын тіркелген. Оның 35513 ер, 34980 әйел,1 жасқа дейінгі балалар 1491, 5 жасқа дейінгі жеткіншектер 7870, жасөспірім 3303, туу жасындағы әйелдер саны – 15009-ға жеткен. 2020 жылдың 12 айымен салыстырғанда тіркелгендер саны 2928 тұрғынға азайған. Кадр бөлімі туралы айтар болсақ, 2020 жылдың 12 айында Жамбыл аудандық орталық ауруханасынды 862 қызметкер жұмыс жасаған болса, 2021 жылдың 12 айлық көрсеткіші бойынша 901 қызметкер тіркелген.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі