Бүгін аудандық орталық емханасының мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Хамит Мурзақасымов қатысуымен жылдық есеп беру жиыны өтті. Басқосуда аудандық орталық ауруханасының 2021 жылдың 12 айында атқарған жұмыстарының қорытындысы зерделеніп, 2022 жылғы медициналық кеңес мүшелерін бекіту туралы күн тәртібіндегі мәселе қаралды.
Жиынға аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алтай Сауруков, ауданның бас санитариялық дәрігері Ғабит Әбділдә және дәрігерлер қатысып отырды.
Өңірде өткен жылы 15052 сақтандырылмаған азаматтың санаттары анықталып, оның ішінде ауданда тұрмайтын, алайда тіркелімі бойынша осында қалған 825 азаматты өзектендіру мақсатында 9711 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Медициналық мекемелердің ғаламтор желісіне қосылуы деңгейі 88%-ды құрайды, яғни 33 мекеме интернет желісімен қамтылған. Электронды паспортпен тұрғындарды қамту деңгейі 96% пайызға жетсе, мекемелердің 85%-ы компьютермен жабдықталған.
Бұл туралы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов өз баяндамасында жеткізді.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі