2022 жылдың 28 қаңтарында Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне 1995 жылы туған Жамбыл ауданының тұрғыны сол жақтағы самайасты шұңқырының төменгі жақсүйек асты кеңістігінің тістен тараған флегмонасы, сол жақтағы орбитаның флегмонасы диагнозымен жүгінді.
Қабылдау кезінде пациент сол жақ-бет аймағының және жұтқыншақтың ауырсынуына, ісінуіне, ауыздың шектеулі ашылуына, бас ауруына, әлсіздікке, дене қызуының 38 0 С дейін көтерілуіне шағымданған.
Науқастың айтуынша, ауырғанына шамамен төрт күн болған. Бұрын сол жақтағы төменгі жақ сүйегіндегі 36 тістің аймағында ауырсыну мазалаған. Сол шағыммен ол тіс дәрігеріне жүгінген, онда тексерген стоматолог ауызша түрде қалалық көпбейінді ауруханасының жақ-бет хирург дәрігерінің кеңесіне жібереді.
Жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Серік Төлен науқасты қарап, шұғыл түрде стационарлық емдеуге жатқызады. Талдау-сараптамалар жасалғаннан кейін ауруды қоздырған тісті жұлу және флегмонды ашу операциясы жүргізілді. Сәтті жасалған отадан кейін, пациент бүгінгі таңда бактерияға қарсы терапия алуда, жағдайы қанағаттанарлық.
Денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі