Бүгінгі таңда смартфон қолдан түспей, күнделікті тіршілік цифрлық технологиялармен тығыз байланысып жатқаны жасырын емес. Онлайн тапсырыстар, мобильді банкинг, әлеуметтік желілердегі хат-хабарлар бәрі де өмірімізді жеңілдетті. Алайда осы жайлылықтың екінші жағы да бар, интернет пен цифрлық кеңістіктің дамуымен бірге алаяқтық әрекеттер де қаптап кетті. Азаматтардың жеке деректерін ұрлау, құпия мәліметтерін иемдену арқылы алдау фактілері жиілеп отыр. Міне, осындай маңызды тұста Жаңа Конституцияның 21-бабы азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін берік қалқанға айналып отыр. Ал, заң не дейді? Аталған баптың 1-тармағында, «Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі», – делінген. Бұл әрбір азаматтың жеке деректері мемлекеттің қатаң қорғауында екенін білдіретін маңызды қағидат. Ешкімнің жеке ақпаратты рұқсатсыз жинауға, оны басқа мақсатта пайдалануға қақысы жоқ. Ал, 2-тармақта банк операцияларының, салымдардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлесулердің және цифрлық технологиялар арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны қатаң көрсетілген. Бұл құқықты шектеу тек заңда белгіленген ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Өкінішке қарай, кейінгі кездері алаяқтар заң мен мораль қағидаларын белден басып, халықтың сенімділігін теріс пайдалануда. Олар түрлі айла-шарғылар қолданып, жеке мәліметтерді иемденуге, банк карталарынан ақша шешіп алуға тырысады. Мұндай заңсыздықтарды жоюдың және оларға тойтарыс берудің бірден-бір жолы – қоғам болып заңға бағыну және құқықтық мәдениетті көтеру. Цифрлық заманда өмір сүріп жатқандықтан, артынша келетін қауіп-қатерлерге де қарсы тұра білуіміз керек. Жаңа Конституцияның 21-бабы әрбір азаматтың жеке кеңістігі мен қауіпсіздігіне мемлекеттік кепілдік береді. Алайда бұл құқықтар толық жұмыс істеуі үшін әрқайсымыз заң талаптарына бағынып, цифрлық сауаттылықты арттырып, сақтық танытуымыз қажет. Заңға бағынған ел ғана қауіпсіз, ал адал азамат қана қорғалған болады!

Leave A Reply

Your email address will not be published.