«Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөздің мәні тереңде жатыр. Мемлекеттің беріктігі, қоғамның тұрақтылығы мен ұлттың болашағы – ең алдымен әрбір шаңырақтың іргетасының беріктігіне тікелей байланысты. Осы орайда, жаңа Конституция жобасында отбасы институтын нығайтуға, ата-ана мен бала құқықтарын қорғауға айрықша мән берілген. Жаңа Конституция жобасының бұл бағытында отбасы мен некеге қатысты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген. Мемлекет қорғауында: «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады». Бұл – отбасының әлеуметтік маңызы мен оның мемлекет тарапынан әрдайым қолдауға ие болатынының басты кепілі. Ата-ананың борышы: «Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті». Бұл бап баланы өсіру тек материалдық қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар саналы тәрбие беру екенін еске салады.
Бүгінгі қоғамда отбасы құру мәселесіне жеңіл-желкі қарау, жауапкершілікті сезінбеу салдарынан орын алатын келеңсіздіктер жиі кездесіп жүр. Өкінішке қарай, ажырасу көрсеткішінің артуы, ата-ананың міндетінен аттап кету немесе керісінше, қарт ата-анасын назардан тыс қалдыру жағдайлары қоғамның жанын ауыртады. Отан отбасынан басталатынын ұмытпасақ, кез келген шаңырақ – шағын мемлекет. Оның ішіндегі татулық, әділдік пен өзара сыйластық бүкіл елдің болашағын айқындайды. Отбасы – бұл уақытша ойын емес, екі жақтың саналы түрде қабылдаған ортақ шешімі, үлкен өмірлік серіктестік. Ал, ата-ана алдындағы парыз: «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, балаларымызға үлгі көрсете отырып, ертең еңбекке жарамсыз болған кезде қамқорлыққа лайық болу – әрбір перзенттің қасиетті борышы.
Жаңа Конституция жобасында көрсетілген бұл нормалар – отбасы құндылықтарын жоғалтпауға, ұлттық тәрбиені жаңғыртуға және қоғамдағы жауапкершілік сезімін күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Заң отбасын қорғайды, алайда оның бақыты мен беріктігі әрқайсымыздың жүрегіміздегі адалдық пен жауапкершілікке тікелей байланысты.