Ауған соғысының салған жарасы әлі күнге дейін баласын жоқтаған ата-ананың жасында, халықтың жадында мәңгілік сақталмақ. Олардың ерлігі жанардан жас балқытады, рухыңды жігерлендіреді.
Бүгін Жамбыл ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғамзат Сағымбеков пен жергілікті кәсіпкерлер жергілікті ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті.
– Майдан ешкімге опа әкелмеген, әпермейтін де үлкен қасірет. Мыңдаған адамның, тіпті жалпы адамзат баласының бүгінін қан, келешегін күл талқан ететін зор зұлмат. Ананы ұлынан, баланы әкеден айырған, жесірдің көз жасына, жетімнің қарғысына қалған, адамзатты ажалмен беттестірген, кектестірген алапат трагедия. Қасиетті Жер Ана соның қаншамасын бастан кешірді. Ғасырлар һәм дәуірлер, заманалар бойы жалған дүние қанша перзентін өз бесігінде тербетіп, бауырына басты. Оның қай-қайсысы да шығынсыз болған емес. Сондай нәубеттің бірі Ауған соғысы еді. Ақтүтек ақпан айының бел ортасы – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні ретінде аталып өтіледі. Он жыл алаулаған бұл жарияланбаған соғыс оты қаншама жауқазын ғұмырды жалмап кетті. Сіздер кейінгі ұрпақ үшін патриоттықтың баламасыз үлгісін көрсеткен азаматсыздар. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді Ғамзат Мейрамбекұлы.
Шарада майданда болған азаматтарға естелік сыйлықтар табыс етілді. Олардың құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды.
«Қанды көйлек» ардагерлерге ақ дастархан жайылып, Амангелді орта мектебінде волейболдан турнир өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жылы жүздесуге ауыл азаматтары мен оқушылар қатысып отырды
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі