Жамбыл өңірінде педагогтарды даярлауда кадрға деген сұранысты өтеп отырған оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті. Облыстағы екі ірі оқу орны бірігіп, аймақтық университетке айналғалы бері маман даярлауға деген талап бұрынғыдан да күшейе түскен. Сол міндеттердің межесінен көріну үшін бүгінде «Ұстаз» институты оқу бағдарламарын жаңғыртып, жаңа бағытта жұмысты жандандыра түсуді көздейді.
Педагог кадрларды даярлау ісін ілгерілетуді көздейтін аймақтағы іргелі оқу орны жергілікті салалық басқармамен іскерлік байланысты нығайтпақ ниетте. Осындай мақсатпен Дулати университетінде «Ұстаз» институтының профессор-оқытушылары облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовпен кездесті. Жиынға облыс мектептерінің басшылары ZOOM платформасы арқылы онлайн қосылды.
Өңір мектептеріндегі педагог мамандардың тапшылығы, сапалық құрамы, кадр даярлау ісін дамыту секілді мәселелер қашанда өзекті. Бұл істе білім берудің барлық сатысы жеке дара жұмыс жүргізбеуі керек. Өзара ықпалдастықты арттырып, бірлесіп еңбек еткенде ғана білім берудегі түйткілдерің шешімін табу мүмкін болмақ. Дулати университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры, іскерлік кездесудің модераторы Гүлвира Мұсабекова осыны ашып айтты.
Жалпы соңғы жылдарда педагог мәртебесін көтеру бағытында көп іс қолға алынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы Заң шеңбері аясында мұғалімдердің жалақысы көбейгені белгілі. 2025 жылға қарай тағы да екі есе артпақ. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтің айтуынша, бұдан бөлек тәлімгерлікпен, ұйымдастырумен айналысып жүрген оқытушыларға қосымша үстемақы, магистратураны бітірген мұғалімдерге ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат беріледі екен. Мұның барлығы — мемлекеттегі білім және ғылым саласын арттыру, педагог мәртебесін көтеру мақсатында істелініп жатқан жұмыстар екені сөзсіз.
- Облыста бүгінде 30 мыңнан астам педагог бар. Облыстың 443 мектебінде 2021-2022 оқу жылында 27 811 педагог қызметкер жұмыс істейді. Оның 64,9 пайызы – ауылды жерде. 787 маманның, яғни 2,8 пайызының ғана магистр дәрежесі бар. Облыс бойынша 1-3 жыл аралығында 2671 жас маман жұмыс істесе, оның 701-і– 2021-2022 оқу жылында қабылданған. Осы оқу жылында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 13 түлекті (математика — 4, тарих-2, бастауыш-2, орыс тілі- 1, қазақ тілі -2, химия-2) жұмысқа алдық, — дейді Бейқұт Тілебалдыұлы.
Басқарма басшысы іскерлік кездесудің өзі «Педагогикалық білім беруді дамыту бойынша жаңаша көзқарас» тақырыбы аясында өтуінің үлкен мәні бар екенін атап өтті. Бірақ мәселе байланысты нығайтумен шектелмесі белгілі. «Білім берудегі түйткілдердің түйінін тарқату үшін олқылықтарды анықтап, оның себебімен емес, салдарымен күресу керек», — дейді проректор Гүлвира Айдарханқызы.
Жалпы университет салалық басқармамен іскерлік кездесу өткізіп қана қоюды жоспарламай, облыс мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істеу үшін арнайы стратегиялық жоспар да әзірлеген екен. Жиында Гүлвира Мұсабекова осы мәселелерге кеңінен тоқталды.
— Алдағы уақытта педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын дамытып, біз даярлайтын кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін басқармамен бірлесіп, арнайы Жол картасын әзірлейтін боламыз. Оның ішінде мектептердің, яғни мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылардың сұранысына икемдеу мақсатында педагогтарды даярлаудың 17 оқу бағдарламасы жаңартылатын болады. Нақты ұсыныстар мен пікірлер болса, біз оларды 46-50 пайызға дейін жаңартуға дайынбыз. Білім мекемелерінің қажеттілігіне қарай жаңа магистрлік бағдарламалар әзірлейміз. Жаңа басқарма басшысы мектептердегі магистр дәрежесі бар мұғалімдердің саны аз екенін айтып өтті. Біз осы көрсеткішті сан ғана емес, сапалық жағынан өтеуге дайын болуымыз керек, — деді Гүлвира Айдарханқызы.
Жалпы іскерлік кездесуде шын мәнісінде, екіжақты нақты мәселелер көтеріліп, мектеп директорлары мен ұстаздарға өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік туды. Көптеген проблемалар ашық айтылды. Педагог кадрларды құрамын жаңарту мәселесі, мұғалім мамандығын таңдайтын талапкерлердің білім сапасын көтеру, студенттердің практикалық машығын дамыту жолдары талқыланды.
Сондай-ақ білім беру жүйесіндегі шетелдік озық тәжірибелер де сөз болды. «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова Финляндия мектептерінің деңгейі мен ондағы оқыту жүйесіне талдау жасап берді. Осы мемлекетке тәжірибе алмасу мақсатында барған сапары барысында көргені мен түйгенін саралап, нақты мысалдар келтірді.
Жиын соңында қос тарап – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен облыстық білім басқармасы іскерлік байланысты нығайту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл – білім берудің жоғары сатысы мен алғашқы баспалдағынан бастап, орта және арнаулы орта жүйесі бірлесіп, өзара ынтымақтастықта жұмыс жүргізетіндігінің дәлелі. Әсіресе, оқытудың барлық сатысына қажетті педагог кадр даярлауда аса қажет байланыс мектеп пен университет арасындағы қарым-қатынас нығая түседі деген сөз.