«Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ел басына күн туған қилы замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі.
Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары анық.
Қазіргі таңда біз мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүрудеміз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Бұл – біздің басты құндылығымыз. Күнделікті өмірде біз оны байқамайтын да шығармыз, бірақ болашақта нақ осы фактор біздің бәсекелестікке төтеп бере алуымызға мүмкіндік береді.
Алғыс айту күні ауданымызда ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралардың барлығында жоғарыдағы сөздер жиі айтылып жатты. Полатқосшы, Гродиково ауылдық округтерінде аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараевтың және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетовтің қатысуымен өткен мәдени шаралар бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, өзара достық пен татулықты дәріптеуге арналды. Жергілікті халыққа сыйлы ақсақалдар Абдухалил Маюфи, Рахымберді Саламатов, Идрис Юнусов, Төрегелді Үсіпбеков, Сабри Асанов, Михаил Туманов ел бірлігі жайында салмақты сөз сабақтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілек білдірді. «Вынхуа» облыстық дүнген мәдени орталығының төрайымы Айша Идыбо әлеуметтік жағынан аз қамтылған 26 отбасыға азық-түлік салынған әлеуметтік сыйқалталар үлестірсе, жалпақтөбелік 85 жастағы ақ жаулықты әже Орынкүл Молдабаева жылы лебізін айтып, жанды дауыспен ән шырқады.
Мәдени ұйымдастырушылардың сүйемелдеуімен өнерлі өрендер әсем әндерін әуелетіп, мың бұрала би биледі. Мерекеге жиналған жұртшылық үйлеріне көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Ильяс Қалыбеков, Шұғыла газеті.