Қыдыралыұлы қарияның 2 ұсынысын орындауға уәде берді

Қоғамның қам-қарекеті әр азаматтың қолайлы ғұмыр кешуі жолына бағыт алғанын аңғару қиын емес. Олардың қажеттілігін өтеу жергілікті билік өкілдерінің негізгі – міндеті. Өткен жылға өкпе жоқ. Сан-салада серпіліс байқалып, өңірдің шырайы кірді.

Ағымдағы жылы 13 елді мекенге газ құбыры жүргізілді. Бұл 13 ауылдың 4-еуіне табиғи отын қолданысқа берілсе, қалған 9 ауыл биыл қыс айында газ тұтынатын болады. Тіршілік нәріне қол жеткізген елді мекендерде жоқ емес. Сапалы ауызсудың шарапатын 10 ауыл көруде. Әлеуметтік, мәдени, спорттық нысандардың саны артты. Дегенмен, ауылдықтардың айтар базынасы мұнымен біткен жоқ.
ҚР Президентінің 2016 жылдың 5 ақпанындағы №190 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беруі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделген. Бұл тұжырым билік пен тұрғындардың арасын байланыстыратын алтын көпір іспеттес.

Кезектегі мәселелердің шешімін табу үшін көпшілік аудан әкімінің есептік кездесуін күтіп жүргені белгілі. Есептік жиын – уәде мен оның орындалуы барысын анық аңғартатын басқосу.

Айталық, апта басында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Тоғызтарау, Ерназар, Өрнек ауылдық округтерінің әкімі Мұхтар Шайдаев, Қайрат Әділов, Азиз Мәнтеевпен бірлесіп, өткен жылы жүзеге асырылған игіліктерді тілге тиек етіп, ағымдағы жылы атқарылатын тірліктерге кеңінен тоқталды.
– Жергілікті билік өкілдерінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына білек сыбана кірісетін уақыты келді. Ел Президенті өзінің «Жаңа Қазақстан» атты Жолдауында әр азаматтың қолайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды міндеттеп отыр. Бүгін алдарыңызға арнайы келіп, көпшіліктің көкейінде жүрген жайттардан құлағдар болып, оның шешілуі жолдарын қарастыратын боламыз. Өзім осында туып-өстім. Енді кіндік қаным тамған өлкеге маңдай терімді тамызып қызмет ететін мүмкіндік туып отыр. Өздеріңіздің ұсыныс-тілектеріңізді орындау жолында аянып қалмаймын, – деген Ерлан Қыдыралыұлы ұзын-сонар баяндама жасамай, сұрақтарға кезек берді.
Өрнек ауылдық клубында өткен есептік жиында аудан басшысы округте бірқатар жұмыс тиянақталып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, Әшімұлы, Мұқанов, Әбілдәұлы, Саухатов көшелері асфальттанғанын, ауылдық Мәдениет үйінің құрылысы осы айда пайдалануға берілетінін айтты.

Өрнектік тұрғын Болсынбек Сариев 2005 жылы пайдалануға берілген ауыз су жүйесінің тозығы жеткенін, Тастемір Бижігітов жөндеуден өтіп жатқан каналардың құрылысы баяу екенін алға тартты.

Келесі кезекте сөз алған Мадахмет Сариев ел батырлары: Ә.Молдағұлова, М.Мамбетова көшелері мен қиылыстары асфальттанса деген тілегіне жауап сұрады. Өңір басшысы аталған көшелерге жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенін, бюджеттік нақытылауда тағы бір қарайтынына сендірді. Сондай-ақ өңір басшысы Тамдыбек Арызбаевтың спорт кешені қажеттігі туралы өтінішін айтқызбай түсініп, бүгінде әмбебап залы бар спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары ұсынылғанын, алдағы уақытта жақсы жаңалық орын алатынын айтты.

Сондай-ақ, ауыл имамы Оңласын Атыхаев Жұма стансасындағы 3 шақырымды құрайтын Көктебе көшені тозығы жеткенін, Өрнек және Жұма стансасына бейнебақылау камералары қажеттігін түсіндірді.

– Ауыл ақсақалдарының ауыл-аймақтың жайын күйттеп, шешілу жолдарына араласуы қуантады. Өзіңіз айтқан Көктебе көшесі және Жұма мен Өрнек ауылдарына бейнебақылау камераларын орнатуға уәде беремін, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.
Ауыл азаматтары өңір басшысының жұмысына береке тілеп, қанағаттандырарлық бағасын берді.
Есептік жиынға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов және тиісті бөлім басшылары қатысып отырды.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.