Кез келгеніміз үшін бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен анадан артық жан жоқ шығар, сірә?! Жер жүзіне тараған халық та, әлемді мойындатқан алып та анадан туған. Қадір ақынша айтқанда: «Отанымыздың өзі солардан басталып, жауларымызға жеткен жерде бітеді». Ал Төлеген ақынша айтқанда: «Олар — теңдесі жоқ құдірет».
Мейірімді жүрек иелеріне лайықты құрмет көрсету мақсатында кеше аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау туралы 2021 жылдың 5 наурызындағы №531 жарлығы негізінде ауданымыздағы батыр аналарды марапаттау шарасы өтті.
Шарада аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Меруерт Айдарбаева мен Меруерт Ержанова «Алтын алқа», Мереке Айтқұлова, Аягөз Ахметова, Гүлназ Беркимбаева, Динара Келимбетова, Амина Кучкарова, Аңсаған Мизанбекова, Жазира Кенжеғараева және Раушан Сергелбековаларға «Күміс алқа» тақты.
– Еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін. Әр адамның арманы — баласын биіктен көру. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол. Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін. Отбасыларыңыздың ұйытқысы болып, бақытты ана атаңыздар»,- деп ақжарма тілегін арнаған Ерлан Қыдыралыұлы, аналарға сый-сыяпат жасап құрмет төріне шығарды.
Аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов та шаңырақтың шаттығы мен берекесін еселеген ардақты аналарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Күміс алқаның иегері атанғандардың бірі – шайқорықтық Аягөз Ахметова. Ол Шайқорық орта мектебінде бастауыш сыныпқа дәріс береді. Перзенттерінің алды 10-сыныпта оқыса, кенжелері (егіздер) 2 жастан енді ғана асқан. Жолдасы да көп балалы жанұяда өскен. Ене жолын жалғастырған келін қазіргі таңда 3 ұл 3 қыз сүйіп отыр.
«Қызмет пен үй тірлігі ұштастырудан қиындық көріп жүргенім жоқ. Балалар бір-бірін бағып өсіп жатыр. Ұрпақты өзіміз үшін дүниеге әкелеміз ғой, бірақ үкіметтің жарылқап жатқанына да риза боп қаламыз. Қазақтың әр қызына біздің жолымызды берсін деп тілеймін»,- деді ағынан ақтарылған ана.
Жәнібек Асанов.