Жуырда ішкі істер органдарының құрметті ардагері, аудандық полиция бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Әлімқұлов – 58 жасқа толды.
Аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Наззиля Раззақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Татеновпен бірге мерейтой иесін құттықтап, зерлі шапан жауып, құрмет төріне шығарды.
Құттықтаушылар арасында Раззақбай Аманбеков, Едіге Сұлтанов, Сәпілмәлік Тәжиев, Нұрғазы Егізбаев, Нұрлан Елубаев, Думан Ахметжанов, Асан Исабеков, Болат Исақов және Нұржан Тоқбергенов сынды полиция ардагерлері бар.
– Нұрсейіт мырзамен ішкі істер саласында біраз жылдар бойы қызметтес болдық. Қазіргі таңда құрметті зейнет демалысына шықса да, полиция бөлімімен тығыз байланыста болып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Аудандық газетке полиция қызметкерлері мен ардагерлері жайлы портреттік мақалалар жариялап, олардың ерлік істерін көпке үлгі етуде. Әріптесімді мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, отбасына бақ-береке тілеймін», — деді Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ҚР ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Сәпілмәлік Абдуллаұлы жылы лебізін білдіріп.
Иә, Нұрсейіт Жапарұлы біз үшін халықты қылмыскерлерден қорғау жолында елгезектік танытып, әділдіктің салтанат құруына барынша күш салып, сол жолда өз өмірін арнаған ел ағасы.
Өз кезегінде, ардақты ардагер құттықтаулар мен қамқорлықтары үшін аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Болатұлы бастаған жеке құрамға зор алғысын білдіріп, Ішкі істер органдарына еңбек сіңірген зейнеткер әріптестеріне де ризашылығын жеткізді.