Құмтиын ауылы тұрғындарының өтініші назарға алынды
Бүгін Қаракемер ауылында 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы тиянақталатын тірліктер туралы аудан әкімі мен ауыл әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі өтті.
Қаракемер ауылдық клубында өткен жиынға облысымызға белгілі азамат Масат Берік қатысып, ауылдықтарды алаңдатып жүрген бірқатар мәселеге тоқталды.
Есептік жиында ауыл әкімі Жәнібек Әуелбеков округке қарасты Қаракемер, Құмтиын, Сеңгірбай ауылдарында жасалған жұмыстар төңірегінде баяндама жасаса, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы өңірдегі игіліктерге тоқталып өтті.
Ауыл азаматтарының талап-тілегін жеткізген Масат Әшімұлы күл-қоқыс тастайтын орынның жай-күйін, жайылымдық жердің тапшылығын, ауылдағы аркаға электр көзін жеткізу кезіндегі жайбасарлықты, жол бойындағы бағаналардың жанбауын алға тартып, әмбебап залы бар спорт кешенінің, ауыз су жүйесінің құрылысының барысын сұрады.
Ал құмтиындық Марат Оспанов Құмтиын ауылына көңіл бөлінсе, көшелер асфальттанса, жарықтандырылса, ауыл әкімі елді мекеннің хәл-ахуалымен жиі танысса деген тілегін алға тартты.
Сонымен қатар ауылдықтар қанғыбас иттердің көптігін, көше асфальттау мәселеллерін көтерді.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған Ерлан Қыдыралыұлы:
– Есептік кездесулеріміз жалғасын табуда. Дегенмен бүгінгі округте көптеген мәселе көтерілді. Алдағы уақытта әр тоқсан сайын есептік кездесуде көтерілген жайттардың орындалуы барысын баяндау үшін қайта оралатын боламыз. Айтылған тілектеріңіз хаттамаға түсірілді. Басымкөпшілігі ауыл әкімінің белсенділігімен жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жұмыстарды бақылауда ұстауда ауыл әкіміне тапсырамын.
Биылғы жылы Құмтиын ауылындағы Мұсабеков, Батырұлы көшелерін асфальттауға қаржы қарастыратын боламыз, – деді өңір басшысы
Сондай-ақ көтерілген мәселелер бойынша салалық орынбасарлардың нақты жауабын тұрғындар назарына ұсынды.