Бүгінгі аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі Гродеково ауылдық округінде түйінделді. Ауылдық Мәдениет үйінде өткен есептік жиында ауыл әкімі Болат Қожабеков 2021 жылы атқарылған жұмыстармен қатар биыл жүзеге асырылатын игіліктер туралы баяндама жасады.
Округтегі 1295 аулада 6815 адам тұрады. Оның ішінде Гродеково 1149 аулада 6058, Қызылдихан елді мекеніндегі 146 аулада 757 тұрғын тұрады. Қала маңымен шекаралас ауылда 28 ұлт өкілі тығыз қарым-қатынас орнатқан. Округте 160 шаруа қожалық, мал мен егін шаруашылығымен айналысатын 10 ірі шаруа қожалық тіркелген. Өткен жылы «Тимофеев» шаруа қожалығы 340 тонна сүт, жеке кәсіпкер «Рыжибаев» 58,3 тонна шұжық өндірді. 2021 жылы ірі қара малдың басы 4075, жылқы 298, қой, ешкі 9284 бас, шошқа 2065, үй құстары 5420-ға жеткен. Елді меендегі 8583 гектардың 2695 гектары суармалы, 5888 гектар тәлімді, 363 гектар шабындық, 17388 гектар жайылымдық жерді құрайды. Жерге төккен тердің шаруалар ризығында көріп отыр. Округте 480 гектарға егілген бидайдан 5705 тонна, 1900 гектар арпадан 33321 тонна, 55 гектар картоптан 935 тонна, 1994 гектар көкөніс, бақша дақылдарынан 56840 тонна, 250 гектар жүгеріден 935 тонна, 170 гектарға егілген сүрлемдік жүгеріден 39835 тонна, 850 гектар майлы дақылдарынан 1500 тонна, 2338 гектардан мал азығына 11200 тонна өнім алынған. Округ аумағында 11 дүкен, 1 дәмхана, наубайхана және 2 мектеп, 2 балабақша, 1 кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 2 дәрігерлік амбулатория, 2 шаштараз, 9 жанар-жағармай бекеті, 1 мәдени орталық, 1 пошта. 1 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды.
2021 жылға тұрғындар өтінішімен орталық көшенің екі жағынан тротуар төселсе, Отырар, Тұран, жиделі көшелері ауызсумен қамтамасыз етілді. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасымен 4 млн теңгеге мұқтаж отбасына баспана қолданысқа берілді. «Жомарт түлек» жобасымен ауыл кәсіпкері Андрей Тимофеевтың демеушілігімен «Street workout» алаңы және «Нұр-Ақ» мешітінің жылу жүйесі жаңартылды.
Ауыл әкімінің есебінен кейін өңір басшысы Ерлан Қыдыралыұлы өңірдегі игі істерге шолу жасап, гродековалықтардың талап-тілегін тыңдады. Ауыл азаматы Айдар Сұлтанұлы орта мектептің айналасын гүлдендіру, бос жүрген иттерді құрықтау қажеттігін алға тартса, Мақат Байназаров амбулаториялық пункті апатты жағдайда екенін, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететінін және жаңа білім ордасы қажеттігін, шошқа асырап отырған азаматтардың тұрғындарға жайсыздық тудырып жатқанын қынжылы жеткізді.
Тұрғындардың өтінішін назарға алған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сауалдар хаттамаға еңгізелетінін, әр тоқсан сайын жұмыстардың орындалуы барысы баяндалатынын жеткізді.
Сондай-ақ өңір басшысы әмбебап спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінімге ұсынылғанын да жеткізді.