Көптің тілегі – аспалы көпір

Қостөбе ауылының маңындағы Тараз қаласының шайынды-кәріз суларын жинайтын орын мен қоқыс жинау алаңының қазіргі жай-күйіне жергілікті тұрғындар бірнеше рет алаңдаушылық білдіргені белгілі. Себебі, кәріз сулары жер асты суларына қосылып, жақын маңдағы елді мекендерге ағылуда. Ағынсудың жағымсыз иісі Шайқорық, Қостөбе, Жамбыл ауылдары мен Тараз қаласына дейін жетуде.

Шынтуайтында, кәріз жүйесінің ағынды сулары кешенді биологиялық тазалауды қажет етеді. Ол үшін шайынды-кәріз суларын жинағыш коллекторына сарқынды суларды биологиялық тазарту қондырғысын орнату керек. Бүгінде бұл жұмыстың жобасын қарастырумен және келістірумен облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы айналысуда. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатқа құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделген. Ал, қоқыс жинау алаңына төгілетін қоқыстарды өртеу немесе қайта өңдеуді қолға алу қажеттілігі айтпасақ та түсінікті.
Қазіргі таңда Аса ауылындағы шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары сәтімен жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-гигиеналық жағдайының жақсаруына септігін тигізеді.
Ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет сол нысандарды аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық мәслихаттың хатшысы Райымбек Сейітов, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиевпен бірге арнайы аралап көрді. Олар бойынша алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімінің орынбасары талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Аса ауылындағы теміржол бойынан жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салу мәселесіне де ерекше мән берді. Рүстем Рысбайұлы бүгінде аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаты сараптамадан алынғанын, қазіргі таңда ҚР Қаржы министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, Үкіметтен қолдау тапса алдағы уақытта құрылысы басталатынын сөз етті. Сонымен қатар Аса ауылындағы жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін жүр­гізуге де қаржы қарастырылатынын айтты.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.