2020 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Наурыз мерекесін атап өтудің жаңа тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Жаңа үлгі бойынша Наурызға 9 күн арналады. Оның 6 күні дайындық күндері де, 3 күн ресми мереке. Атаулы күндер Әулиеата жерінде жалғасып жатыр.
Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды жаңғырту, облыс жұртшылығы арасындағы мәдени және рухани байланысты күшейту мақсатындағы«Рухани керуен» Тараз қаласынан аттанып батырлардың мекені Байзақ ауданына ат басын тіреген болатын. Бауырмал Байзақ халқы «Көрісу күнін» ақ бата, әсем әннен шашу шашып қарсы алып, келесі керуен Талас ауданына бетке алып жолға шыққан еді.