Сенат депутаттары — Жамбыл өңірінде

ҚР Парламентінің Сенат депуттары — Жамбыл ауданында

 

Бүгін ҚР Парламенті Сенаторлары Абдалы Нұралиев, Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен ауданымызда болып, Қостөбе ауылы маңындағы Тараз қаласының шайынды-кәріз сулары жиналатын орнын, өңірдегі газбен қамтамасыз ететін магистральды газ желісінің жұмыстарымен танысты.

Шайынды су жиналатын орынның жай күйін көрген сенаторлар алдағы уақытта қосымша алқап қаралатынын, сондай-ақ «Казфосфат» өндірістік кәсіпорнының қалдық өнімдері бойынша Үкімет басшысының назарына арнайы жоба ұсынатынын жеткізді.

– Тұрғындардың денсаулығы – ұлттың саулығы. Кәріз жүйесі жиналатын орынға қосымша жер қарастырамыз. Алдағы уақытта шайынды суды ауылшаруашылығына қажетті өнімдерге пайдалану үшін арнайы жобаны жүзеге асыратын боламыз. Тараз қаласы маңындағы Шайқорық, Танты елді мекендері бұрқасын жел салдарынан зауыт қалдықтарынан тұнып қалатынын да білеміз. 2024 жылы кәсіпорынның жер пайдалану мерзімі аяқталады. Қосымша ауыл-аймақтан шалғай орналасқан аумаққа өнімдері жиналады. Бұл келеңсіздікті жою үшін алдағы жылдардың еншісінде қалдыруға мәжбүрміз. Жұмыс сапарымыз аяқталған соң Үкімет басшысына ауылдағы жағдайды толық баяндап, жою салдары бойынша жасалған жұмыстардың барысын назарға ұсынамыз, – деді Бекболат Серікбекұлы.

 

АУЫЛДЫҚТАР ГАЗ ПАЙДАЛАНУҒА ҚАШАН БЕРІЛЕТІНІН СҰРАДЫ

 

Мұнан соң сенаторлар Ащыбұлақ ауылына атбасын бұрып, ауылдықтармен жолықты. Ауыл азаматтары Арқабай Алдашев, Алпысбай Жұмаханов, Серік Бибосынов 15 жыл бойы күткен газ жүйесі 2019 жылы ауылға тартылғанымен әлі күнге дейін қолданысқа берілмегенін, ауылда жайылым мәселесі өзекті екенін қынжыла жеткізді. Тұрғындардың базынасына құлақ түрген Абдалы Тоқбергенұлы:

– Өңірдегі 13 елді мекенге газ тарту жұмыстарының алғашқы легі сенаторлардың мақұлдануынан бастау алып, қаражат қарастырылған болатын. Бүгінде Рахат, Еңбек, Тастөбе, Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар, Жұма, Көлқайнар ауылдарына газ құбыры тартылып, ауылішілік көшелерге жеткізілді. Бірақ қосылған жоқ. Бұл ауылдарды табиғи газбен қамту үшін қосылу нүктесіне дейін 4,7 шақырым газ құбырын жүргізу қажет. Қосылу нүктесі – Тараз қаласының батысындағы ГТС-2. Қалған 4 ауыл газ пайдаланып отыр. Құрылыс жұмыстарын жалғастыруға осы жылы республикалық бюджеттен 306 млн.теңге бөлінуіне ықпал ететін боламыз. Осы жылы Жамбыл ауданында 9 ауылға бір мезетте «көгілдір отынға» қол жеткізуіне күш саламыз, – деді сенатор.

Ал жайылымдық сауал бойынша аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы: «Президент тапсырмасына сәйкес, 3170 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ал ауылдан 5 шақырым алқап жергілікті тұрғындардың игілігіне берілген. Ешқандай шаруа қожалық бұл радиюсты жекешелендіруге құқығы жоқ. Ал мал басы шамадан тыс ауылдықтар Көделідегі жайылымды пайдалануға кеңес береміз. Көделіде ауылдық округтердің өз жерлері қарастырылған, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар сенаторлар Талас су алу торабының жай-күйін көрді. Торап арқылы Жамбыл, Байзақ, Тараз қаласына белгіленген мөлшерде су беріледі. Сенатор Абдалы Нұралиев еліміздегі қуаншылықтың алдын алу мақсатында жерасты суларын тиімді пайдалану, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің жаңа технологияларына жаппай көшу шаруалар үшін аса қажет екенін алға тартты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.