Серкені 106 мәрте көтерген балуанға аудан басшысы серкені тарту етті
Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы Жамбыл ауданында жоғары дәрежеде аталып өтуде. Аудан орталығы – Аса ауылында көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ақ дастархан жайылды. Шараға аудан азаматтары белсенді қатысты. Тігілген киіз үйдің іші қазақи құндылықтарға, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызға сай безендірілді. Жаңа жыл мерекесімен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы @erlan_qydyralyuly жұртшылықты құттықтап, қазақтың төл тарихымен біте қайнасқан асық ату, қол күрес, күрес, серке көтеру, арқан тартыс және кіші футбол, теннис, волейболдан өткен турнирлерді аралады.
Аудандық орталық мешіттің алдына ағаш отырғызып, көпшілікпен бірге Алланың үйінде дұға тіледі.
Шарада серкені 60 мәрте көтерген ақбұлымдық балуан көпшіліктің қошеметіне иеленсе, асалық жасөспірім, 50 мәрте көтеріп, болашағынан үлкен үміт күттірді. Аудан азаматтары ақбұлымдық балуанның күш-жігеріне тәнті болып үлгермеді. Алаңға шыққан асалық Ислам Тілеміс серкені 101 мәрте көтеріп, аудан басшысының ризашылығына бөленді. Дегенмен күш атасын танымас демекші, Бақдаулет Азизов 106 мәрте көтеріп, көпшілікті тәнтті етті. Өз кезегінде өңір басшысы жас балуанға көтерген серкесін тарту етті.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі