КӨЛҚАЙНАР НАУРЫЗ ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында тұрғындар ертелетіп әз-Наурыз мерекесі аталып өтілетін орынға асықты.

Мұнда сахна мерекеге сай безендірілген. Көтеріңкі көңіл-күйдегі жұртшылық бір-бірімен құшақ айқастырып, жақсы тілектерін арнап жатты.

Мерекеде ауыл ақсақалы Әбді Еркебаев бата берсе, округ әкімі Асылбек Қонаров пен ауданнан арнайы құттықтауға келген аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев ауыл тұрғындарына деген мерекелік ақжарма лебіздерін жеткізді.

Мерекенің өн бойында әсем ән шырқалып, қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді. Ұлыстың Ұлы күнінің өз дәрежесінде өтуіне ауылдағы барлық мекемелер белсенді атсалысты.

Бұл күні ұлттық ойындар да жақсы көрініс тауып, ауылдағы Қонаев, Әшімов, Қапал және Қараөзек көшелері өзара сайысқа түсті. Сайыстың мақсаты – шаңырақтың шайқалмауын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу.

Иә, отбасының беріктігін сақтауда, ұрпақ тәрбиесінде осындай жарыстардың алатын орны зор.

Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз — Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін. Ел тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.