Л.Аманов: Егісті ақпанда бастаған шаруалар ризығын еселейді
Қыс бойы тыныққан диқандар ерте көктемде егістік танапқа шықты. Жылдағыдай егін егу жұмыстарына дайындық басталып, несібесін жерден іздейтіндер науқандық жұмысқа кірісіп кетті. Мол өнім алу осы кездегі еселі еңбекке тікелей байланысты екенін олар жақсы біледі.
Диқандар үшін өткен жыл оңай болған жоқ. Су тапшылығы орын алып, егінге қауіп төнді. Десе де жамбылдық диқандар мол өнім алып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Биыл да өткен жылғы су тапшылығының орын алу қаупі жоғары. Дегенмен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы шаруалардың басын қосып, ақпан айынан бастап, дала жұмыстарын бастау керектігі алға тартқан болатын. Біз бұл жұмыстарды үйлестіргенімізбен жауын-шашынның түсуінен .сіт күткен едік. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, наурыз айы берекелі болды. Жауын жауып, соңы қарға айналды. Бұл ауа-райы шарауалардың тілегі еді.
Биыл 33091 гектар жаздық арпа, 3698 гектар дәнді және дәнді бұршақты дақыл, 1800 гектар майлы дақыл, 385 гектар картоп, 8220 гектар көкөніс, бақша, 700 гектар қант қызылшасын егу жоспарланған.
Былтыр ауданда тамшылатып және жаңбырлатып суарылған алқаптар көлемі 5622 гектарды құраған еді, биыл бұл көрсеткішті 7302 гектарға жеткізу көзделген. Каналдарды тазалау жұмыстары да өз жемісін беруде. Ақбастау ауылдық округінде ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын 3 канал, Ерназар ауылдық округінде ұзындығы 14,4 шақырымды құрайтын 3 канал қоқыстан және қамыстан тазартылды. Ал, Аса ауылдық округіндегі «Қуат» каналының 10 шақырымы асарлатып тазалануда.
2021 жылы аудан бойынша 454 млн 260 мың теңгеге 104 техника алынып, техника 10 пайызға жаңартылды. Қазіргі таңда қолда бар трактор, соқа, тырма, дәнсепкіш, қопсытқыш, тұқым улағыштың барлығы дерлік дала жұмыстарына кірісіп кетті.
Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 780 тонна кепілдендірілген дизель жанармайы бөлініп, таратушы операторлары белгіленді. Бұған қоса, арзандатылған бағамен минералдық тыңайтқыштар алу, тұқым дайындау жұмыстары да қолға алынған.
Л.Аманов,
Жамбыл ауданы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы.