Күні кеше тағайындалған Телеуов жұмысын егістік алқаптарынан бастады

 

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Жомарт Телеуов аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Амановпен бірге көктемгі дала жұмыстарының барысын тағы бір көріп шықты.

Аудан әкімінің орынбасары Айша бибі ауылы мен қарт Қаратаудың маңындағы 200 гектарға мақсары орналыстырып жатқан «Мамырбек» шаруа қожалығының егістігіне барды.

Шаруа қожалық басшысы Мұқтар Ортаев мақсарының «нұрлан» сұрпын егуді қолға алған.

– Көктемнің жаймашуақ мезгілін тиімді пайдаланудамыз. Күні кеше тамған жауынмен, ақұлпа қар егістікті ылғалдандырды. Қазір егістік басында 12 адам, 8 техника жұмыс атқаруда. Әр гектарына 40 келі тұқым егілетін болса, үш күнде 8 тоннаны сеуіп бітеміз. Төрт айдан кейін гектарынан 10-15 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде мемлекетімізде ауылшаруашылығына түрлі жеңілдік қарастырылған. Мақсарының өніміне 12 теңгеден субсидия алуға жұмыстар жүргізудеміз, – деді Мұқтар Мамырбекұлы.

Егістік жұмыстарын көрген Жомарт Тешебайұлы:

– Ылғалды пайдаланып, егу жұмыстарын аяқтауға таяу қалыпсыз. Мақсары суды көп қажет етпейді. Топырақтағы ылғалдың өзі өнім алуға көп септігін тигізеді. Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 59 822 гектарды құрайды. Майлы дақылдар 250 гектарға, 1200 гектарға мақсары егілуде. Өнім көлемін жоспардағыдан артығымен орындалатынына сенімдіміз, – деді Жомарт Тешебайұлы егістік басында.

Мұнан соң Жомарт Тешебайұлы «Ұзынбұлақ» шаруа қожалығының 60 гектар пияз алқабын аралады. Рамазан Аширов басшылық ететін шаруа қожалық тамшылатып суару әдісін қолға алған.

Егістік жұмыстарын аралау кезінде аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібеков пен ауылшаруашылығы саласының ардагері Аманалы Омаров бірге жүрді.

 

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.