Қайнарлықтар құрылыс қарқыныа дән риза

Елдімекенді аралау барысында тұрғындармен де тілдесудің сәті түсті. Олардың барлығы құрылыс қарқынына дән риза.
– Оқыс оқиға болған күннен бастап әкімдіктен де, қарапайым азаматтардан да көмек ағылып келуде. Мұндайды ешкімнің басына бермесін. Бір сәт тыным көрмей қызу жұмыстың бел ортасында жүрген құрылысшыларға дән ризамын.Барлығы бір үйдің баласындай болып, өз баспаналарынан кем көріп жатқан жоқ.

Тек біздің ғана емес ауылдастарымның барлығының үйінде құрылыс осылай қызу жүруде. Осында өзімнің қызым тұрады. Оның да баспанасы таяу арада аяқталмақ. Облыстың, ауданның басшылары да үнемі осында ат басын бұрып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. Барлығына алғыстан өзге айтарым жоқ, – деп шексіз ризашылығын білдірді ауыл тұрғыны Дәнегүл Сүйіндікова.


Ал қайнарлық Қымбаткүл Алибаеваның тұрғын үйіне орасан зақым келгендіктен жарамсыз деп танылған. Соған байланысты тұрғын үйді түгелдей сүріп тастап, іргетасынан бастап қайтадан тұрғызуда.


– Балам осы жарылыста қаза тауып, баспанамыз қирап. қабырғамыз қайысты. Әрине, қолдан келер дәрмен жоқ. Дегенмен облысымыздың атқамінерлері барынша көмек көрсетіп, жәрдем беруде. Оқыс оқиға орын алғалы бері 1 айдан асты. Содан бері осындағы құрылыс жұмыстары бәсеңдеген жоқ. Жұмысшылар да барын салып еңбек етуде. Көптеген ауылдастарымның баспаналарының аяқталуға жақын қалғаны сол еңбектің нәтижесі деп білемін.

Әзірге есік алдына тігілген арнайы шатырда уақытша күнелтудеміз. Күн суытып, қар жауғанша өз баспанамызға қайта оралармыз деген үмітіміз басым, – дейді тұрғын.
Осылайша ауыл тұрғындарының көзіндегі үміт пен қуанышты көріп, біздің де көңіліміз марқайды. Құрылыс жұмыстары осы бағыттан таймаса қайнарлықтардың да күпті көңілдері жұбанатын күн жақын.

Құрбанәлі Шахабай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.