«Елбасы медалі» бағдарламасы бүгінде оқушылардың білім алуына, жан-жақты дамуына үлкен үлес қосуда. Медал ерекшелік белгісімен наградтауға көрсетілген деңгейлердің талаптарын табысты орындаған он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарға ұсынылып келеді. Жеңімпаздар «Елбасы медалінің» үш түрімен наградталады: қола, күміс және алтын.
Бағдарламаға қытысушылар «Спорт және физикалық даму», «Таланттар мен дағдылар», «Волонтер», «Кітап оқу», «Ұлттық мұра», «Қазақ әдебиетінің алтын қоры», «Туристік жорықтар», «Еңбек практикасы» бағыты бойынша бағаланады. Ағымдағы жылы«Елбасы медалі» бағдарламасына өңірімізден қатысқан 9 оқушы қола жүлдегер атанып, өңір абыройын асқақтатты.
Дүйсенбі күні аудан әкімдігінде жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Онда аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы оқушылардың бойына білім нәрін сусындата отырып, сыннан сүрінбей мақсатқа жетуде талабын қанаттандыруды міндет қоя білген ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін ерекше атап өтіп, жеңімпаз оқушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Жастар – егемен елдің ертеңі. Бүгінгі жүлделерің сендердің жеңіс алдындағы алқашқы қадамдарың. Екінің біріне бұйыра бермейтін марапатқа ие болу өңіріміз үшін жетістік. Мектеп табалдырығында озат оқушы болып, елдің атын әлемге танытындарыңа сенімдімін, – деген Ерлан Қыдыралыұлы Шапағат Қонарбай (Б.Тайшапұлы), Анель Қалмаханбет (Б.Бесбаев), Айдана Гаухарбек (Ю.Гагарин), Феруза Саукалова (Ә.Ысмайлов), Қарақат Әскербек (Еңбек), Данагүл Саламатқызы (Ю.Гагарин), Жансая Төлеуова (А.Макаренко), Перизат Бектайға (Қ.Сартбаев) медалдарын тағып, ізгі тілегін арнады
Айта кетейік, соңғы жылдары аудан мектептерінің оқушылары облыс, республика, тіпті халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып, жеңіспен оралып жүр. Осы тұста ұдайы өз білімін саралап, білім ошағы намысын, ұстаз ұстанымын, мектеп талабы мен аудан абыройын биіктен көрсете білген дарын иелеріне, ұстаздарымызға шығармашылық табыс тілейміз.