ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖЕДЕЛ ӘРІ САПАЛЫ БОЛУЫ ТИІС
Бүгін Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев»Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның аудан орталығындағы ғимаратында болып, мұндағы мекемелердің жұмысымен жан-жақты танысты. Айта кету керек, аталмыш нысан мемлекет тарапынан көрсетілетін бірнеше қызмет берушілерді бір нүктеге топтастырып отыр.
Нысанның бірінші қабатында орналасқан аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мен Халыққа қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ екінші қабаттағы Төле би ауылдық округі әкімінің аппараты мен жер кадастры аудан тұрғындарына бір нүктеден қызмет етіп келеді. Осылайша, аудан тұрғындарының бір ғана нысаннан бір мезетте жүздеген мемлекеттік қызметке жүгінуіне жол ашылып отыр.
Мәселен, бір ғана Халыққа қызмет көрсету орталығының өзінде тәулігіне мыңға жуық қызмет көрсетіледі. Түптеп келгенде, сәні мен сәулеті келіскен нысан халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге біріктіріп отыр. Бұл өз кезегінде жүз мыңнан аса тұрғыны бар шулықтардың уақытын үнемдеп, жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізіп келеді.
Шу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі