Қыдыралыұлының ұсынысын министр Қарашөкеев қолдады
Бүгін жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашөкеев Тастөбе ауылындағы Нуритдин Бегманов басшылық ететін «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің мүмкіншілігімен танысты.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 1998 жылы құрылған егін шаруашылығы бағытындағы кооперативте 50 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.
Кооперативтің жалпы жер көлемі 2412 гектарды құраса, ауыл шаруашылықта 2282 гектар бар. Оның ішінде егістік 2141 гектар, суармалы алқап 1723 гектар, шабындық 135 гектарды құрайды.
Егістікке 8 дана трактор, оның ішінде, 9 доңғалақты К-700, МТЗ техникасы, 2 жүк тасымалдау көлігі, 2 жанармай тасыйтын, 1 автокран, 7 дәнсепкіш және
52 ауылшаруашылық тіркеме техникалары жұмыс атқаруда. Сонымен қатар 2 астық комбайны, 2 қызылша комбайны, 2 жем-шөп комбайны, 2 дана шөп тайлағыш, 3 бүрккіш қолданысына жарап тұр.
Нуритдин Әбілекұлының сөзіне сенсек, биыл күздік бидай 300 гектарға, жаздық арпа 700 гектарға, дәндік жүгері 50 гектарға, қант қызылшасы 115 гектарға, көпжылдық 450 гектарға, чүрі (пар) 426 гектарға орналастырылған.
Жұмысын жүйелеп, қамбаны астыққа толтыруды көздеген Нуритдин Бегмановтың іскерлігіне Ербол Шырақбайұлы оң бағасын берді.
Ерлан Қыдыралыұлы ауылдық шаруалардың жұмысын оңтайландыруға бағытталған ұсынысы бар екенінде жасырмады.
— Өңірде 250- 300 бастан асқан төрт-түлікті Көделідегі жайылымға немесе ауылдан алшақ алқапқа шығару қажеттігі бойынша жұмыс жүргізудеміз. Сонда ғана ауылдық жердегі жайылымның тапшылығын алдын аламыз. Есептік кездесулерде осы жайтқа баса мән берілді. Тұрғындар бұл ұсынысты қолдап отыр.
Сонымен қатар тағы бір жайт — ұңғыма қазу. Ауылдық шаруалардың төрт-түлігі судан тапшылық көрмеу үшін құдық қаздырып, оны ауылдық округтің баласына аудару қажеттігі қолға алынуда. Шаруа жайылымнан алыстағанымен құдық сол жерде екінші шаруаның малына қолданыста қалады,-деді өңір басшысы.
Министр Қарашөкеев өңір басшысының айтқан ұсыныстарын аймақтарда қолдану қажеттігін назарға алатынын жеткізіп, қағазға түртіп алды.
Ауыл әкімі Асылбек Қонаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл орталығынан 5 шақырым радиустағы аумақтағы алқапты жекешелендіруге тиым салынып, округтің аумағына кіргізілгенін, сондай-ақ қолданылмай жатқан яғни, жері бар, малы жоқ шаруалардың 189 гектары мемлекет меншігіне қайтарылғанын, жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ өңір басшысы аудан көлемінде бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
– Қолда бар жайылымдық жерлерін есепке алғанда жайылымдарға қажеттілік 99 300 гектарды құраған болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы мемлекет меншігіне 3511 гектар жайылымдық жер қайтарылды. Елді мекендерден 5-7 шақырымдық аймақта ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылымдық жерлері бар 115 жер пайдаланушылармен 48 664 гектар жерге меморандумдар жасалды,-деді аудан басшысы.
Ербол Шырақбайұлы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, айтылған ұсыныстар қаперге алынатынын атап өтті.
Мұнан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрі «Аса даму» құс фабрикасының жұмысымен танысты.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі