Қаракемдегі еске алу турниріне басқа облыстардан спортшылар келді

СПОРТЫҢ 5 ТҮРІНЕН ТУРНИР ӨТТІ

Жуырда ережесіз жекпе жектен әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жандәулет Бекзатов (Бекзатовтар әулиеті) қазақша күрестен, қошқар көтеру, футбол, арқан тартыс, қол күрестен аудандық турнир ұйымдастырды. Бағлан Бекзатұлын еске алуға арналған турнирге Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарынан және Талас, Байзақ аудандарынан 100-ге жуық спортшылар келді.

Тартысты өткен жарыс нәтижесінде, күрестен «Қазақстан барысы 2021» республикалық турнирінің күміс жүлдегері Жансерік Жұмабай қарсылас шақ келтірмесе, Азат Рысбек екінші орынға, Шерхан Жақсыбек үшінші орынға, Ерасыл Әзімхан жүлделі төртінші орынға тұрақтады. Білектің күшін танытуға 30 азамат қатысты. Дегенмен, жас болса да күш атасын танымайтынын дәлелдеген Саламат Санатұлы қарсылас біткенді қапы қалдырса, Аслан Кемелбек екінші, Самат Бақберген үшінші орыннан көрінді. Қошқарды 81 мәрте көтерген Аян Рысбай бірінші орынды, қарсыласынын 1 мәрте кем көтерген Жансерік Жұмабай екінші орынды иеленсе, 55 мәрте көтерген Бақдәулет Азизов үшінші орыды місе тұтты.  Кіші футбол турнирі жарыстың көрігін кіргізді. Теңбіл допты ұршықша шиірген Қаракемер ауылының 1987 жылдары туылған азаматтары аға буын әлі де бабында екенін аңғартып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға 1999 жылғы жастар тұрақтады. Ал жүлделі үшінші және төртінші орынға сәйкесінше Төле би орта мектебінің ұстаздары мен Құмтиын ауылының жастары жайғасты. Жүлде қорына салынған 500 мың теңге аталған спорт түрлерінің жеңімпаздарына үлестіріліп, арнайы дипломдармен марапатталды.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Leave A Reply

Your email address will not be published.