Биыл мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізілмек.
Осы орайда, референдумды қолдау бойынша облыстық штаб мүшелері Ерұлан Мағзымбеков, Айгерім Даулетбаева, Жанар Орынбаева және аудандық қоғамдық штаб мүшелері Айшабибі, Қаратөбе, Аса ауылдық округінің тұрғындарымен «Бином» ЖШС-нің жұмыскерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында, конституциялық реформа қабылданса, саяси жүйеге айтарлықтай өзгерістер жасалатындығы айтылды.
Иә, 5-маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдумда Конституциядағы 98 баптың 33-і не өзгерістер енгізілетін болады. Бұл дегеніміз Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Штаб мүшесі Жанар Рымбекқызы осы бағытта жүзеге асатын міндеттерді тілген тиек етті.
Ал, аудандық қоғамдық штабтың төрағасы Ернар Тәжібаев: «Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр»,- деді.
Референдумға қатысу құқығы азаматтардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi.
Ауыл тұрғындары Жаңа Қазақстанды құру бағытында жасалып отырған Президент бастамасын толық қолдап, референдумға бір кісідей қатысатындықтарын айтты.