Қазақстанның үздік домбырашылары — Жамбыл ауданының оқушылары

Еліміздің үздік домбырашылары — құрмет төрінде

Бүгін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы республикалық «Домбыра-Дастан» үздік жас орындаушылар байқауының жеңімпаздарын қабылдады.

Қысқаша ақпарат берер болсақ, 2022 жылдың 22 мамыр күні Алматы қаласында Қазақстанның дарынды жастарын қолдау мақсатында «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетованың ұйымдастыруымен өткен «Домбыра Дастан» атты I республикалық домбырашы балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауының ақтық кезеңі өткен болатын.
Белгілі домбырашылар мен күйшілер қатысып, кәсіпқой қазылар алқасы төрелік еткен байқауда 35 жас домбырашы сынға түсті. Сол байқауға М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің білім алушылары қатысып, 6-11 жас аралығында бас жүлде және 8 млн теңгенің сертификатын Дәулетбай Аяна, 12-15 жас аралығында І орын және 6 млн теңгенінің сертификатын Жанатбек Бақдәулет жеңіп алған.
Жас оқушыларды қабылдаған Ерлан Қыдыралыұлы:

— Өңірімізде жас дарындылардың жеңіс тұғырынан көрінгені қуантады. Бұл — үлкен жеңіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылды «Балалар жылы» деп жарияланғанын білесіздер. Сіздер өздеріңіз қатарлы жеткіншектерге үлгі болып, биік шыңдарды бағындырып, ерекше таланттарыңмен дараланып, аудан мәртебесін көтеруге зор үлес қосып отырмыздар тарихта қалып отырсыздар. Сіздер біздің ауданның мақтанышысыздар. «Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» демекші, болашақта сіздерден зор үміт күтеміз. Қазақстанның мәртебесін биікке көтеретін, есімдері алтын әріппен жазылатын үлкен азамат болыңыздар, — деген өңір басшысы Алғыс хат табыс етіп, сый-сияпат үлестірді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.