Күні кеше ауданда 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті. Бұл айтулы датаны айшықты деңгейде тойлау Ақбастау ауылдық округінде ұдайы үрдіс ретінде жолға қойылған.
Дәстүрлі шара бұл жолы да жалғасын тапты. Бірлесу-Еңбек елді мекенінде ашық аспан астында өткен мерекелік концертте 200-ге жуық бүлдіршіндерге жаны жомарт жандардың демеушілігімен тегін балмұздақ пен ойыншықтар таратылды.
Бұл күні бүлдіршіндерге арналған үздік ойындар, әуезді ән, мың бұралған би мен күмбүрлеген күй мереке мезіретін айшықтап тұрған іспеттес.
Ақбастау ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Зарина Узбекова мен мәдени ұйымдастырушы Қамар Искакова ұйымдастырған концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өтті.
Балғындарды мерекесімен құттықтаған ауыл әкімі Нұрсұлу Лутфуллақызы:
«Бала – бауыр етім, ет жүрегім» деген дана халықтың ұрпағымыз. Ендеше, бар мейір-махаббатты балаға тарту етуге тиістіміз. Балаға берілетін қолдаулар мен көмектер мемлекет тарапынан да қарқынды жүзеге асуда. Мұндай қамқорлық біздің округте де жалғасын табуда. Ауыл балалары үшін жұмыс жасап жатқан екі мектеп пен екі балабақша (шағын орталық) балдырғандардың игілігі үшін. Әлі де бүлдіршіндерімізді таңқалдыратын жасампаз іс-шаралар қолға алынатын болады, – деді.