Жамбыл ауданында ғасыр жасаған бес кейуана бар. Соның бірі – Күлбарам Сүгірова. Бүгінде 112 жасқа аяқ басса да, Күлбарам әжей ширақ. Қырғыз елінде туып-өскен ол Аса ауылына тұрмысқа шығып, осында ұрпақ өрбітті. Ауданның өркендеуіне еңбегімен үлес қосты.
Бүгін кейуана Ата заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты өтіп жатқан республикалық референдумда өз дауысын берді.
Кейуана — Аса ауылындағы №166 референдум учаскесінің сайлаушысы.
Жастайынан қызылша алқабында жұмыс істеген қария бейнеттің бел ортасында жүрді. «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, құрметті зейнетке шықты. Ақ жаулықты ана ел игілігіне бағытталған еңбекпен қатар отбасы құндылықтарына да көңіл бөлуді ұмытпады. Құдай қосқан қосағы екеуі екі қыз тәрбиелесе олардың қатары бүгінде 8 немере мен 15 шөбереге жетіп отыр.
Айта кету керек, Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылының тұрғыны Күлбарам Сүгірова тек облыс қана емес, еліміздегі ең қария ана.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі