Баптай білсе, Жер-ананың жомарт екеніне көз жеткізген диқандар ала-жаздай төккен терінің жемісін көре бастады. Бүгінде пияздың ерте пісетін сұрпын жинау жұмыстары ерекше қарқын алып тұр. Аудан бойынша егілген 5585 гектар пияздың 30 гектары ерте пісетін сұрпы. Бұл күнде сол 30 гектардың 8 гектарынан өнім жиналып жатыр. Соның 4 гектары шайқорықтық кәсіпкер Дәурен Әбдешовке тиесілі. Танты ауылының бұрылысында орналасқан егістік алқабында жиын-терін жұмыстары қызу жүргізілуде. Осыны назарға алған Жамбыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов егістік алқабындағы жұмыс барысын күнделікті бақылап жүр.
Медет Сәбитұлының айтуынша, қазір әр гектардан 70 тонна көлемінде өнім жиналуда. Жиын-терін жұмыстарына қажетті техника жеткілікті. Маусымдық жұмыс кезінде 35 адам жұмыспен қамтылып отыр. Егістік басынан сатылымға шығарылып жатқан пияздың бағасы келісіне 120 теңге. Өнімді сатып алушылар Тараз қаласындағы базарлардың сатушылары мен Сарыағаш ауданының кәсіпкерлері екен.
Жалпы, жамбылдық шаруалар пияз егудің ерекше тәсілдерін, әсіресе тұқым таңдауды ерекше меңгере бастаған. Олардың басым бөлігі бірінші кезекте топырақ қыртысы мен әркелкі ауа райында тұқымның құрғақшылыққа, ауа райының күрт құбылуы немесе зиянкестер мен түрлі ауруларға төзімділігін ескереді. Оған қоса, тамшылатып суару әдісі арқылы бұрынғы өнімділікті екі есеге дейін арттырып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар дәл осылай қарқынды дамып, бәсекелестік артса, өнімділік те көбейе бермек.