Бұл күн ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы. Ұстаздар мен оқушылар үшін сәтті күн. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған өрендер үшін ұмытылмас сәт. Иә, сыңғырлаған алғашқы қоңырау үні – мектеп қабырғасынан шыққан әрбір жанның жүрегіне жақын. Бейсенбінің тамылжыған күнінде барлық мектепте алғашқы қоңырау сыңғыр қақты.
Білім күні таң алакеуіммен аудан орталығындағы Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейіне бізде табан тіредік.
Білім ордасының ауласы айрықша кейіпке енген. Жүздері бал-бұл жанған оқушылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Үш ай бойы жазғы демалысын ұтымды өткізген шәкірттердің жүзінен білім ізденуге деген айрықша лепті байқауға болады. Осындай мерейлі сәттің шымылдығын түрген аудан әкімі аппаратының басшысы Самат Селеубаев, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов және білім ордасының директоры Дәметкен Бегманова ақжарма лебіздерін жеткізді.
Одан әрі мектептің өнерлі өрендері патриоттық бағыттағы әсерлі әннен шашу шашып, жиылғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.