ШЫНДЫҚ КЕЙДЕ ҚАЛЫҢ АРПА ІШІНДЕ БІР БИДАЙ…

Таяуда Жамбыл ауылдық округі Шайқорық ауылында жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Игілікке шақырған ауыл тұрғындары» форумы өтті. Оған Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, Қырғыстанның халық ақыны, тіл жанашыры Мұхтар Шахановтың қатысуы форумның деңгейін айшықтап тұрған іспеттес. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан болмысы бөлек ақынның шындықты ту еткен рухты өлеңін жұрт жақсы біледі. 

Жуырда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мұхтар Шаханов Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған шақты да көпшілік тарихи сәтке санаған-ды.

Форумға жиылған зиялы қауым, ауыл ақсақалдары мен жастары алдымен «Ұлт жанашыры Мұхтар Шаханов» атты кітап көрмесін тамашалады. Аудандық кітапханада нақ қазір 242 мыңнан астам кітап қоры болса, оның ішінде 250 кітап адуынды ақынның кітабы. Көрмеде облыстық көркемсөз оқуларында жеңімпаз, жүлдегерлер атанған Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары Мөлдір Тоқтасын мен Нарбек Инсан ақын өлеңін жатқа оқыды. Кейін, облыс әкімнің орынбасары Еркін Үйсінбаев форумның ашылу салатынатында ауыл жастарына алғыс айтып, ақын Мұхтар Шахановты мерейтоймен құттықтады.

– Туған жерге қызмет ету әр азаматтың мызғымас парызы деп білеміз. Осынау киелі топырақта туып өскен ардақты азаматтардың аз емес екенін де өздеріңіз білесіздер. Мәселен, ерен еңбегімен жұртшылыққа танылған Социолистік Еңбек Ері Әзімбек Смайлов пен Жайшыбек Шығанталиев аталарымыз, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков, елге танымал ақын-жазушылар Сапар Байжанов пен Сұлтан Қалиев те осы өңірдің тумасы. Бүгінгі іс-шараның өтуіне де солазаматтардың үлгі-өнегесі сеп болған шығар, бәлкім. Шайқорықта ауыл жастарының бастамасымен талай жұмыстар іске асты. Оның ішінде округке қарасты ауылдар «Ішімдіксіз ауыл» атанғанын біледі. Бұдан өзге «Асарлатын үй салу» жобасы дәстүрге айналып, әлеуметтік дүкен ашылды. Қайырымдылық акциялары мен мәдени іс-шаралар да ұдайы ұйымдастырылады. Бүгінгі форумға қатысып отырған Мұхтар Шаханов ағамызға алғыс айтамыз. Тәуелсіздік жылдарынан-ақ мемлекет ауылдардың көркеюіне басымдық берді. Өйткені, ауыл ұлттық құндылықтарымыздың тоғысқан мекені, – дейді Еркін Құлымбайұлы.

Ізін ала, ортаға ақын Мұхтар Шаханов шығып, ауыл тұрғындарына рухты өлеңдерін оқып берді.

Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай»,

Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»

Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,

Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай, – деп жыр өзегінен бастаған, ақын жастарды шыншыл болудан тайсалмауға шақырып, «Адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, сол құрлым өзін бақытты сезінеді» деген пайым-түсінігін ашып айтып берді. Кейін сөзін түйіндей келе, «Перзенттеріңіз тек шындық биігінен, елдік ұлттық мүдде, рухани парасат, әділдік биігінен бой көрсетсін»,– деп батасын берді.

Ізінше форумның өтуіне ұйытқы болған ауылдың белсенді азаматтары, облыстық «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Мамед Даврушев ақынға сый-құрмет көрсетті. Бірлестік төрағасы жастардың атынан Мұхтар Шахановқа шапан жауып, ат мінгізді.

Бұдан соң Жамбыл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Орынбай Рысбаев ауылдықтардың, соның ішінде жастардың оң істері көпке үлгі болсын деп лебізін білдірді.

– Осы іс-шараны ұйымдастырған жастарға алғыс зор. Ауыл жастары мен республикалық «Ар-Рашид» және «Ақиқат шыңы» қоғамдық бірлестігі кейінгі бес жылда Үкіметтен көрсетілетін қолдауға қарап отырмай, өзге ауылдарға,өңірлерге үлгі боларлық игі іс-шараларды іске асырды. «Айдарбек ата» мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, мешіт имамына мешіт маңынан үй салып берді. Ауылдағы «Айдарбек ата» мешітінен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінен қайырымдылық дүкенін ашып берді. Онымен тоқтамай, мешітте тұрмысы төмен отбасыларға 4 жыл бойы азық-түлік үлестіріп келді. Мектеп оқушыларына да қажетті дүниелер таратуда. Екіжылда тұрмысы төмен отбасыларға «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 4 үй салып берсе, биыл тағы 2 үйдің іргетасы қалануда. Бұдан өзге, ауыл ақсақалдары мен жастары ұлтаралық тұрақтылық пен келісімді сақтауға да барынша үлес қосып келеді. Берекелі істеріміз жемісті болғай,– деген ақсақал ауыл жасатрының атқарған өзге де жұмыстарын тізе отырып, рухы өр ақын Мұхтар Шахановты мерейтоймен құттықтады.

Игілікті кеште айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов Шахановқа арнауын домбырамен нақышына келтіріп орындаса, аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева мен оның орынбасары Сағи Мұздыбаев бастаған өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, кеш көркін қыздыра түсті.

Сондай-ақ, Шайқорық ауылының орталық алаңына жиылған көпшілік әшекей бұйымдар, қыштан жасалған ыдыстар мен көне соғыс құралдары тізілген аудандық музейдің көне жәдігерлерін тамашалады. Балалар жағы қазақ күресінен сынға түсіп, мәз-мейрам болысты.

Жәнібек АСАНОВ, журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.