Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөнінде берілген тапсырмасына сәйкес, еліміздің түкпір-түкпірінде спорт кешендері және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды спортқа баулу мақсатында әмбебап кешендер бой көтеруде. Ауданымыздың өзінде алдағы уақытта 5 кешеннің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Соның бірі Гродекова ауылында басталды.
Ауылдық округтің әкімі Болат Қожабековтың айтуынша спорт кешенінің орны болып, орталық Ақжол көшесі таңдалған.
– Гродеково орта мектебінің жанынан «Жаңа-кемер құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс екі жылға жоспарланған, жобалық-сметалық құны – 308 млн 475 мың теңге. Бүгінде табантасы төселіп, іргесі қалануда. Құрылыс сапасы мен аяқталуы мерзімі бақылауымызда. Спорт кешенін ауылдықтар көптен бері көтеріп келген еді. Бүгінде олардың талап-тілегі ескерілді, – дейді Болат Сатыбалдыұлы.
Ауылдың көрнекі жерінен бой көтере бастаған кешенді ауыл жастары асыға күтуде.
– Ауылдың спортқа деген ынта-жігері ерекше. Тезірек қолданысқа берілгенін ауыл жастары болып тосып жүрміз. Мұның алдында жергілікті білім ордасының спорт залында, кіші футбол алаңында және стритворкаут алаңқайында салауатты өмір салтын ұстанып, қосымша жаттығулар жасайтынбыз. Енді көп ұзамай жабық кешенде дайындалатын боламыз, – дейді белсенді жас Асхат Жағабергенов.