Мемлекеттік қызметші – биліктің биік бейнесін танытып, іскерлік қабілетін көрсететін тұлға, мемлекеттік саясатты алға жылжытатын қозғаушы күш болып табылады. Осы орайда Жамбыл облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаев «Әділдік жолы» РҚБ Жамбыл облысы бойынша басшысы Назима Дәрменқызы, аудан әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Жансая Оспановамен бірге Ақбұлым және Жамбыл ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметкерлермен кездесті.
Кездесуде Елдос Бекпатшаев мемлекеттік қызметкерге жүктелетін жауапкершілікті, ел алдындағы абыройлы міндеттерді атап өтіп, ұжымдағы моральдық-этикалық нормаларына тоқталды. Сондай-ақ, қызмет бабында теріс іс-әрекетке жол берілсе заң алдында жауапқа тартылатындығын ескертті.
Ал, Жансая Жолтайқызы мемлекеттік қызметкерлерге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосып, мемлекеттік қызмет саласының рөлін арттыратындарына сенім білдірді.
Нәтиже бар, мәселе де жоқ емес. Назима Дәрменқызы аталған округтерде сыбайлас жемқорлыққа бағытталған көрнекі ақпараттардың ескіргенін тілге тиек етіп, парақорлықтың алдын алу — әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағида екенін еске салды.
Өз кезегінде әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.