Есілге Жамбылдың 540 мың шабағы жөнелтілді

Гродеково ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы балық өсіріп, табыстың тайқазанын тасытып отыр. Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін шаруашылық жылына екі рет республикадағы сұранысқа ие су айдындарына шабақ жөнелтеді. Бұл жолы мұндағы балықшылар еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне 540 мың тұқы тұқымдас шабақты жіберді.

Негізі, сандельдіктер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Олар өз істеріне әбден төселген. Яшар Бозагунов, Ахмат Бектас-оглы, Кара Осман Алшахметұлы және басқаларда тыным жоқ. Бірі аяғына резеңке етік киіп, белуардан су кеше арнайы құрылғымен шабақты қалқып алса, екінші балықшы ұстап тұрған шелекке салуда. Осылайша кезектесіп әріректе тұрған суға толы цистернасы бар үш КамАЗ автокөлігіне тиеуде.
Біз шаруашылық жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахуновты сөзге тартқанымызда:
– Бүгін шабақтарымыз Елордаға жөнелтіледі. Шаруашылықта 18 адам жұмыс істейді. Айлық табыстары көңіл көншітерлік. Жылына мұнда 3 миллионға жуық шабақ өсіріліп, алдымен елімізге, содан соң облысымыздағы су айдындарына жеткіземіз, – деді.
Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық ша­руа­­шылығы инспекциясының орынбасары Қанатбек Зауырбек:
– Облыс аумағында балық өсі­румен айна­лысатын 117 шаруашылық болса, Балқаш көлінде бізге тән 18 су қоймасы және 17 республикалық мәнге ие учаскеміз бар.
Біз сандельдіктердің жұмы­сына дән ризамыз. Бір Гродеково ауы­лында 71 гектарды алып жат­қан 8 шағын шаруашылық балық өсірумен айналысады. Шабақ­тардың дені Қапшағайға, Шар­дараға, Балқашқа, облыс аума­ғындағы Билікөл, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ және басқа да су қой­ма­ларына жіберіліп тұрады, – дейді.
Ал, «Сандель» шаруа қожалы­ғының ихтиологы, балық өсірудің хас шебері Нұрлан Молдабеков: «Шабақ өсіру оңай шаруа емес. Мұндағы жұмысшылар күтіп-баптау, яғни, жемшөп шашу, қоймалардағы суды ауыстыру және шабақтарды жөнелту кезіндегі көлікке тиеу жұмыстарымен айналысады. Біз шабақтың бірнеше түрін өсіреміз. Әсіресе, дәумаңдай, сазан, англиялық карп жоғары сұранысқа ие», – дейді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.