АУДАН ӘКІМІ ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Кісінің көңілін көтеріп, қабағын ашу, жылы лебізін жеткізіп жанын жадырату – адамгершілік қасиет. Оттың жылуы тәнді жылытса, жақсы сөз жанды жылытады. Қарттар жүрістен қалып, қатары сиреп, көңілі құлазыған шақта оларға бұрылып келіп сәлем беру, арнайы барып жағдайын сұрау – бүгілген беліне тіреу болғанмен пара-пар.
Бүгін Қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы @erlan_qydyralyuly ауданның қадірлі қарияларының басын қосып, оларға төсбелгілер, Алғыс хаттар табыс етті.
— Қай халықтың болмасын, ұлттық болмысында үлкенді сыйлап, құрмет көрсету тереңде жатқан салт-дәстүріміздің бір бөлшегі. Сол бір тамаша дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұрпақ санасына тәлім сіңірген, жетеліге аталы сөз айтқан қарияларымыздың ізі ешқашан көнермесе екен,- деді Ерлан Қыдыралыұлы өз сөзінде.
Өз кезегінде көненің көзіне айналған қариялар елеп-ескерген аудан басшысына алғысын білдірді.
Мұнан соң аудан қариялары аудан басшысы жайған ақ дастарханнан дәм тәтті.
Шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Самат Селеубаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев қатысып отырды.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі