Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Мырзахметовті асқаралы 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
«Құрметті Асқар Исабекұлы!
Сiздi мерейтойыңызбен құттықтаймын! Өзіңізді отандастарымыз елімізді өркендетуге қомақты үлес
қосқан саяси қайраткер, іскер азамат ретiнде жақсы біледі. Еңбек жолыңыз кәсіпкерлік және әкімшілік қызметтерде сәтті жалғасын тауып, өмірлік тәжiрибеңіз толыға түсті. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын берік ұстанып, бірқатар жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, сенім үдесінен шыға білдіңіз. Түркістан және Жамбыл өңірлерін дамытуға сіңірген еңбегіңіз өте мол.
Алдағы уақытта да айқын мақсат, ортақ мүдде жолында жемісті жұмыс жасап, қоғамдық-саяси істерге белсенді араласып, әрдайым ел-жұрттың ортасында құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді бiлдiремiн.
Сізге зор денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін» — делінген құттықтау хатта.