Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат округіне қарасты Құрылыс ауылында дене бітімі ерекше, алып тұлғалы Парасат Нұрғалиев есімді жігіт тұрады. Оның бойы 2 метр 15 см, салмағы 150 кг, ал аяқ киімінің өлшемі — 56, деп хабарлайды Ақжайық басылымы.
Парасаттың айтуынша сауда орнынан болсын, тіпті базардан өзіне лайық киім табу мүмкін емес екен. Оған арнайы тігінші туысы киім тігіп беріп отырады. Ал аяқ киімді табу тіптен қиын. Жаз мезгілінде резіңке аяқ киімдер киіп жүрсе, ал қыста өзіне келетін аяқ киімнің жоқтығынан далаға шықпайтын кездері болған екен. Ал ауылдастары оған көмектесу үшін, аяғының өлшеміне сай аяқ киімге тапсырыс берген.
«Оған шақ келетін аяқ киімді тіктіру үшін көп жерге хабарласып, біраз тігіншімен сөйлестім. Аяғының үлкендігін естіген соң, бәрі қарсылық білдіре бастады. Тіпті Астанаға шақырған аяқ киім тігіншілері болды, ал ол жаққа Парасатты алып бару үшін аяғына аяқ киім керек қой. Сөйтіп қиналып жүргенімде Алматыдан тігінші Валерий Воронин ғана келісім берді. Шебердің айтуынша, ол 40 жыл етік тігумен айналысқанда 49-шы өлшемнен артық аяқ киім тікпеген. Менің өтінішімді есітіп, бір жағынан қызығушылық танытқан, ол 56-шы размерлі қалыбы жоқтығына қарамастан тігіп шығуға уәде беріп, оны орындады. 52-ші размерлі қалыпты үлкейтіп, 20 күннің айналасында 200 мың теңгеге осы аяқ киімді тігіп берді. Бұл күздік аяқ киім, кеше ғана келді, ал Парасат киіп көр», — деді ауылдасы Байғали Өтеманов.
Ал аяқ киімді көріп, киіп көрген Парасат өте қуанышты екенін айтты. Мұндай аяқ киімді қашан кигенім есімде жоқ дейді. Ол осы айдың аяғында 27 жасқа толады екен. Парасат отбасындағы ең кенжесі. Бес ағайынды жігіттің үшеуі өз алдына отау тіксе, әпкесі де тұрмысқа шыққан. Парасат 2014 жылы Құрылыс орта мектебін бітіріп, содан соң Атырауда дәнекерлеуші мамандығын аяқтаған.