Әлеуметтік әріптестіктің шынайы көрінісі
Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертіп, шағын және орта бизнесті мейлінше дамытып, қолдау білдіретінін атап өтті.
Сонымен қатар, алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән беріліп, негізгі талапқа сәйкес еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетілетіні айтылды.
Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарапынан да өңірлердегі еңбек жағдайларына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.
Министрліктің, облыстың еңбек тәуекел картасы бойынша біздің аудан «қалыпты» жасыл аймақта орналасқан.
Бүгін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының аудандағы ірі кәсіпорын, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесуінде аңғардық.
Күн тәртібі бойынша жиында аудандағы еңбек жағдайлары, еңбек даулары мен шиеленістерінің алдын алу бағытында атқарылған шаралар және ҚР Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы мәселелер қаралды. Сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық пен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында «КнауфГипсТараз», «Бином», «Амангелді ГӨЗ», «Винзавод Южный», «Аса агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары аудан әкімдігімен екіжақты меморандумға қол қойды.
Жиын соңында Ерлан Қыдыралыұлы еңбек қатынастары саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша ұжымдық шарттар мен меморандумдар қабылдау жұмыстары, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу, жұмыскерлердің жалақысын көтеру, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, көлеңкелі экономикадан шығару арқылы халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын бірлесіп ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.